Достық даңғылы, 192 үйдің тұрғындары кәрізден шығатын жағымсыз иіспен күресіп әлек. Арнамызға хабарласқан олар, кәрізден шыққан лас судың көшеге дейін ағып жатқанын жеткізді. Қала орталығындағы үйдің қиындығы қалай шешілмек?
Тұрғындар бұл мәселе өткен жылдың көктемінде басталғанын айтады. Кәрізге жиналған лас су толған кезде Достық даңғылына дейін жететін көрінеді. Тұрғындарды жағымсыз иіс қынжылтады. Әсіресе, күн жылыған кезде, бұл қолаңса иіс қолқаны жаратын көрінеді. Жұртшылықты мазалайтын мәселе тек кәріз жүйесі емес көрінеді. Үйдегі судың да ағысы жай. Алпысты алқымдаған әжелер қайда барып шағымданарын білмей әлек.
Тұрғындардың жанайқайын қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мамандарына жеткіздік. ТҮКШ мамандары үйдің кәріз жүйесін тексеріп, құдықтың тым аласа орналасқанын анықтапты. Осылайша, тұрғындар мәселесі өз шешімін тауып, ендігі көктемде халықты бұл қиындық мазаламайды деген үміттеміз