0:00 / 0:00
Сенаторлар қалалардағы ауаның жоғары деңгейде ластануы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының нашар жағдайы және жайылым жерлерінің тозуына алаңдайды. Жыл сайын елімізде 4,5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтар, шамамен 31,6 миллиард тонна өнеркәсіптік қалдықтар түзіледі. Бұл қалалардың ауасын ластап, халықтың денсаулығына кері әсер етуде. Үкіметке жолдаған сауалында сенатор Әбдәлі Нұралиев заңсыз қоқыс орындарының көбейіп жатқанын айтты. Бұны біреулер бизнеске айналдырып отырған жайы бар дейді депутат.
Экологиялық ахуал нашарлап жатыр. Атмосфераның ластануынан әлемде жыл сайын 4 млн 200 мың адам өлімі тіркеледі. Сенаторлар келтірген дерекке сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда 4,5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтар, шамамен 31,6 миллиард тонна өнеркәсіптік қалдықтар түзіледі. Қазақстанда әлі күнге дейін қоқысты қайта өңдеу, жою жұмыстары бір жолға қойылмаған. Оған қоса ірі зауыттар оналасқан қалалардың экологиясы мүлдем нашар. Ел астанасының өзі әлі күнге дейін көмір отыныны тұтынады. Бұдан қоршаған ортаға келіп жатқан зиян орасан. Ірі қалалардағы ауаның жоғары деңгейде ластануы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының нашар жағдайы және жайылым жерлерінің тозуы алаңдатады дейді депутат Нұралиев. Бүгінде экологиясы нашар аймақтардың тұрғындары аллергия, өкпе демікпесі, қатерлі ісік ауруларына шалдығуда.
Бүгінгі күні елде 3 мыңнан астам полигонда 125 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған. Бұл полигондардың 82 пайызы экологиялық және санитарлық нормаларға сай келмейді. Ол аздай, қаңсыз қоқыс жинау орындары көбейген. Кейбір азаматтар мұны бизнеске айналдырып алған.
Сенаторлар үкіметке мектептерге экологиялық тәрбиені қарқынды түрде енгізуді, ауаның тазалығына арналған арнайы заң жобасы мен тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және жою жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Ал осы сәтте елордада қоршаған ортаны қорғауға арналған EkoJer халықаралық конгресі өтті. Мамандар климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселелерін талқылады.