0:00 / 0:00
Полиция қызметкерлері «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторларымен бірге заңсыз киік аулаған тұрғындарды ұстады. БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, екі оқиға да Жәнібек ауданында орын алды. 23 маусым күні сағат 10.30 шамасында Ақоба ауылдық округіне қарасты «Мәңгүр» мен «Достық» қыстақтарының арасында Адайбай су қоймасы маңынан 4 киіктің ұшасы табылды. Жедел іздестіру шаралары барысында осыған күдікті ретінде ауданның 1991 және 1979 жылғы тұрғындары анықталып, қолға түсті. Оқиға орнынан 12-калибрлік «ИЖ-54» қос ұңғылы аңшы мылтығы, 5 оқ-дәрі, екі велосипед тәркіленді. Сондай-ақ 25 маусым күні сағат 11.00 шамасында Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты «Астау салған» қыстағы маңында 1973 жылғы тұрғын ұсталды. Оның мотоциклінен киіктің екі ұшасы, 4 мүйізі, пышақ, 12-калибрлік қос ұңғылы аңшы мылтығы және бес оқ-дәрі алынды. Қазіргі кезде аталған оқиғалар бойынша ҚР ҚК 337-бабы 4-бөлігіне (заңсыз аңшылық) және 339-бабына (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сәйкес қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.