0:00 / 0:00
БҚО-да 98 мектепте асханалар жұмысын бастады. 19 қаңтардан бастап облыстағы мектептерде 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына ыстық тамақ беру ұйымдастырылуда. Ал облыс орталығы Орал қаласында жағдай мүшкіл. Ыстық тамақ түгілі өз қалтасынан бөлке нан алып, ауқаттануға арналған буфеттер кейбір мектептерде мүлде жұмыс жасамайды. Бүгінде Оралда 50 мектеп жұмыс істесе, оның ешбірінде балаларды ыстық аспен тамақтандыру ұйымдастырылмаған. Мектептегі түскі ас құны 10 жыл бойы өзгермей келгенінен не пайда? Егер қала бойынша тек 26 мектепте ғана асхана жасап тұрса.
Оқушының «тегін асы» - кәсіпкерге салмақ па, әлде бүлдіршіндерді аспен қамту тиімсіз бе? Шаһардағы мектептерде қыркүйектен бастап ыстық тағам беру ұйымдастырылмады. Әр мектепте бұл міндетті атқару құқығы кәсіпкерлерге тендер арқылы беріледі? Барлығы сайып келгенде қаражатқа тіреліп отыр.
Мектеп асханаларын жалға алушылардың айтуынша, ыстық тамақ оқушыларға келесі аптадан бастап беріле бастайды. Жалпы, 1-4 сынып оқушылары үшін ыстық тамақтың құны бір оқушыға 156 теңге болса, аз қамтылған отбасы оқушылары үшін 208 теңге. Осы тұста ата-аналардың мектептегі тегін тамақ сапасына қатысты шағымдары жыл сайын белең алады.