Аяз түсісімен қаңырап қалатын ойын алаңдары бүгінде мұз айдындарына айналған. Спортсүйер қауымға мұндай айдындарда тегін коньки тебуге барлық мүмкіндік жасалған. Қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімі мамандарының айтуынша, шаһарда 40 мұз сырғанағын құю жоспарланған, қазір оның 22-сі дайын тұр.
Қысқы спорт ойындарының ішінде допты хоккейге қызығушылық артып тұр. Сондықтан да болар бұл ойындар бойынша жерлестеріміздің деңгейі жоғары. Қазір оралда 350 бала хоккеймен күнделікті айналысады. Бүгінгі ойынға белсене қатысқан жас спортшылар да жаңа маусымға сақадай сай.
Айта кетелік, бүгін жаңа алаңда да мұз айдыны ашылып, күндізгі үштен кешкі 7ге дейін жаппай коньки тебу шарасы өтеді. Ал келушілерге коньки тегін берілмек.