0:00 / 0:00
Орал қаласында автокөлік жүргізушілеріне арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында көлік жүргізушілерге кешегі күннен бері қызмет көрсетілмей отыр. Ал сала мамандары бұл олқылықтың қашан қалыпқа келетінін дөп басып айта алар емес. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында кешеден бері бағдарламаның істен шығуына байланысты көлік құралдарын рәсімдеу мен жүргізуші куәлігін ауыстыру, жаңасын табыстау мен техникалық құжаттарға тапсырыс беру сынды қызметтер уақытша көрсетілмей отыр. Ал олқылықтың қандай себептен туындағаны белгісіз. Өйткені бұл жүйе еліміздің барлық аумақтарында да істен шығыпты.Күніне шамамен 500-ге жуық тұрғынға қызмет көрсететін орталықтың мамандары бағдарламаның қашан қалыпқа келетінін дөп басып айта алмады. Ал үміті үзілмеген тұрғындар орталықтан қызмет алу үшін бағдарламаның іске қосылуын күтуді жалғастыруда. Облыста өткен жылы заңды тұлғалар 141 049, жеке тұлғалар 123 163, биыл 143 251, жеке тұлғалар 125 127 көлік рәсімдепті. Ал істен шыққан жүйе бүгін де қалыпқа келтірілмеді. Сала мамандары ертең бағдарлама іске қосылатын болады деп сендірді.