0:00 / 0:00
1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресте 27 наурызды «Халықаралық театр күні» деп бекітті. Жыл сайын театр күні ерекше деммен тойланады. Бұл күні айтылатын тілек сахна тарландарына арналып, театр әртістерінің кәсіби шеберлігі жоғары бағаланады.
Театр - саф өнер ордасы. Ондағы әр қойылым мәдени-рухани құндылық, эстетикалық тәрбиенің көрінісін бейнелейді. Ал көрермен болса, спектакльдің жанрына қарай астарлы ой түйеді. Бұл орайда, өңірдегі қара шаңырақ - Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры облыс тұрғындарының жүрегіне жол тапқан. Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев өнер ұжымын кәсіби мерекемен құттықтады.
Хадиша театры көзі қарақты көрерменге 200-ден астам қойылым ұсынып үлгерген. Олардың ішінде батысқазақстандықтар ерекше ықыласпен қабыл алған 150 қойылым бар. Әр туындыны жоғары деңгейде алып шығуға атсалысатын бір топ қызметкердің еңбегі, шеберлігі осындайда байқалады. Бас режиссер, дыбыс және жарық режиссерлері, әрлеуші мен дизайнер, театр әртістері өнер ұжымының бір-бірінен ажырамас бөлшегі ретінде театр деген ұғымды толықтырып тұрады.
Айтулы күні Хадиша театрының әртістеріне БҚО-ның «Үздік мәдениет қызметкері», «Еңбек даңқы» төсбелгісі, облыс әкімі, салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіп одағы, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының Алғыс хаттары табысталды.