0:00 / 0:00
Оралда әлем бойынша ашық суда жүзуден республика тарихындағы тұңғыш үштік тәж иесін қарсы алды. Орал өңірінің тумасы Әнел Сытдықова Калифорниядағы Санта-Каталина аралы мен Ранчо Палос-Вердес жағалауы арасындағы бұғазды жүзіп өткен тұңғыш қазақ қызы.
АҚШ-тың Каталина бұғазынан жүзіп өткен алғашқы қазақстандық спортшы елге оралды. Ел мақтанышын қарсы алуға туған-туыстары мен қала тұрғындары жиналды. Әнел Сытдықова - Қазақстанның темір ханымы атағының бірнеше мәрте иегері, триатлоншы, үш баланың анасы. Биыл спортшы ашық суда «Үштік тәждің» иегері атанды. Әнелдің ата-анасы ол бала кезден суда жүзуді жаны сүйді,- дейді. Әнел Сытдықованың жетістіктері көп. Мысалы, 2019 жылы ұзындығы 38 шақырым болатын Ла-Манш бұғазын 15 сағатта жүзіп өткен. Биыл спортшы Калифорния штатындағы Санта-Каталина аралы мен Ранчо Палос-Вердес жағалауы арасындағы бұғазды бағындырды. Әнел 34 шақырымды тоқтаусыз 19 сағат 18 минутта жүзіп өтті. Судың суықтығы мен қарсы ағыс спортшыға кедергі болмады. Сондай-ақ, бұл бұғазда дельфиндер мен акулалар тіршілік ететіндігін айтпай кетпеске болмас.