Оралда тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған үшінші заманауи экопункт ашылды. Қабылдау пункті тұрғындар үшін қолжетімді жерде - 5-шағынауданда орналасқан. Тұрмыстық қалдықтар ақылы негізде қабылданады.
Жаңа экопункт 5 ықшамауданы, 5 мекенжайында орналасқан. Мұндай нысанды ашудағы басты мақсат - экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға деген көзқарасты қалыптастыру. «Орал Таза Сервис» ЖШС-ның директоры Рафхат Данагүловтың айтуынша, қала тұрғындары қайта өңдеуге жататын шикізаттың кең ауқымын тапсыра алады. Оның ішінде пластмасса, қағаз, батарея, металл, пайдаланылған күнбағыс майын тапсырса, оларға сыйақы беріледі.
Бүгінде шикізаттан жергілікті өндірушілер сабын мен дәретхана қағазын шығаруда. Коммуналдық серіктестіктің құрылтайшысы Орал еліміздегі қалдықтарды сұрыптауға аталған тәсілді енгізген алғашқы қала екенін атап өтті. Қала көлемінде әлі де 30-35 экопункт қажет. Бұл жұмысты 3-4 жыл ішінде жүзеге асыру жоспарланған.
Айта кету керек, бұл бастама қала әкімшілігі тарапынан қолдау тапқан. Нысанның ашылуына қатысқан шаһар басшысы Мұрат Бәйменов «аумақты таза ұстау - ортақ міндет» екенін айтады.
Тұрғындар кезекті жаңа экопункт табиғатты таза ұстауға септігін тигізетін нысан болатынына сенім білдірді.
Сала өкілдері жыл соңына дейін демеушілер есебінен тағы 5 экопункт ашуды жоспарлап отыр. Қалада экопункттер Кердері көшесі, 133; Зачаганск кентінің Мөңкеұлы көшесі, 77 және 5-шағынаудан, 5 мекенжайларында орналасқан.