0:00 / 0:00
Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан және Ресей азаматтары отырған "Баку-Грозный" бағытындағы ұшақтың апатқа ұшырауы елді есеңгіретіп тастады. 38 адамның өмірі үзілді. Әлеуметтік желіде ұшақтың Ақтау түбінде құлаған сәті, сұмдық апатта көз жұмған, аман қалған адамдардың бейнетүсірілімі тез тарады. Айта кету керек бұл ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі. Бірден қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер жұмылдырылып, құтқару жұмыстары жүргізілді. Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен құрылған үкіметтік комиссия қазір оқиға орнында. Премьер –министр апатқа қатысты жиын өткізіп, комиссияның жұмысына қатысты есебін тыңдады.
Бұл ұшақ апатынан еліміздің авиация саласы сабақ алуы керек. Үкімет басшысы авициядағы қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды.
Бұдан әрі қазақ үкіметінің басшысы Олжас Бектенов Әзірбайжанның елордадағы елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Бүгін Әзірбайжан елінде қаралы күн жарияланды. Айта кету керек, Ақтауға қазақстандық мамандардан бөлек Ресейдің құтқарушылары мен Әзербайжанның санитарлық авиация бригадасы да келді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың туыстары да келіп жатыр. Оларға облыс әкімдігі тарапынан қажетті көмек жасалуда. Үкіметтің хабаралуынша, ұшақ апатының себеп-салдарын анықату үшін Бразилияның авиация мамандары мен Embraer компаниясы өкілдері де келе жатыр.
Әзірге ұшақ апатының орын алуына не себеп болды деген сұраққа нақты жауап жоқ. Тергеу, тексеру жұмыстарын күту керек.
"Баку-Грозный" бағытындағы ұшақтың ішінде қазақстандық алты азамат болған еді. Өкінішке орай алтауы да көз жұмды. Біреуі бала.