Оралдан ұрланып, Атыруда сатылған көліктер иелеріне қайтарылды. Алғашқы ұрлық оқиғасы 24 қаңтар күні тіркелген. Орал қаласындағы Исаев көшесіндегі 5 қабатты үйдің ауласында тұрған қара түсті ВАЗ 2114 маркалы көлік жоғалған. Иесінің сөзіне сүйенсек, 23 қаңтарда, сағат 21.00- де жұмыстан келе сала ол темір тұлпарын ауласына әкеліп қойған. Таңмен тұрып қараса, орнынан таппай қалыпты. Екінші көлік ұрлығы 31 қаңтардан 1 ақпанға қараған түні тіркелген. Оны Т.Масин көшесіндегі балабақшаның қасынан заңсыз тізгіндеп кеткен. Осы екі көліктің ұрлық фактісі бойынша дереу тергеу тобы құрылды. 8 ақпанда күдікті екі тұлғаның сұлбасы анықталып, деректер табылған. Олардың бірі Атырау облысының, екіншісі Батыс Қазақстан облысының тумасы екен.
Атырау қаласына әкетілген көліктерді Абай ПБ жедел уәкілдері таңға жақын Орал қаласына жеткізді. Жуықта өз иелеріне қайтарылады. Жалпы көлік иелеріне 1,5 млн теңге көлемінде материалдық залал келген. Айта кету керек, ұрланған көліктерді екі күдікті Атырауға бара сала сатып жіберген. 1992, 1994 жылғы жігіттер бұрындары да істі болыпты. Өзгенің мүлкін пайдаланып, оңай ақша таппақ болғандар заң алдында жауап беретін болады.
Жыл басынан бері Орал қаласы аумағында 8 көлікті заңсыз тізгіндеп кету фактісі тіркелген. Ал көлік ұрлығы орын алмапты.