0:00 / 0:00
Өткен демалыста ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдап, "Жас Отан" жастар қанаты белсенділерінің қолға алуымен "Ұлттық қазына" тақырыбында ұлттық шара ұйымдастырылды. Шаһарымыздағы "Асан" шағын ауданында орналасқан облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі базасында ұйымдастырылған мерекелік шараға 300-ге тарта халық жиналып, ұлттық ән-күйіміз бен ұлттық ойындарымызды тамашалады.
Дәстүрлі ән-күйлеріміз мен ұлттық ас мәзірлеріміз, ұлттық ойындарымыз бен салт-дәстүрлеріміздің бәрі қазақтың ұлттық қазынасы. Осынау ұлттық қазыналарымызды кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған мерекелік шара дуалы ауыз ақсақалымыздың жастарға бата беруімен ашылды.
Ұйымдастырушылардың өздері жеткізгендей шулы шаһардың сыртына шығып ауылдың ауасын сезінген жастар арнайы ұлттық киімдер киіп, дәстүрлі ән айтып, қаражорға билеп салт-дәстүріміздің насихатталуына кеңінен атсалысты.
Сонымен қоса, шара барысында жас жігіттер асық ату, арқан тарту, жамбы ату, күрес, аударыспақ сынды ұлттық ойындардан сынға түссе, қыздар бауырсақ сынды ұлттық тағамдарымызды пісіріп, жиылған жұртшылыққа дәм ұсынды.
Мереке қарсаңында, жалпы демалыста ұйымдастырылған мерекелік шара үш жүзге тарта жұртшылыққа тамаша көңіл күй сыйлады.