0:00 / 0:00
Бүгін облыс әкімдігінің "Ақжайық" залында мұғалімдер күніне орай облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов ел болашағы, білімді ұрпақты тәрбиелеуде өзіндік зор үлес қосқан ардагер ұстаздар мен қала мектептерінде елеулі еңбек етіп жүрген бір топ ұстаздарды қабылдады.Кездесу барысында емен-жарқын әңгіме айтылып, ұстаздар қауымы марапатталды.
Мектеп табалдырығынан тарыдай болып кірген баланың тұлға болып қалыптасуына дейінгі ұстанымдары мен білім дәрежесінің жоғары болуы оның ең бірінші мектепте қалаған іргетасының мықтылығына байланысты. Ал, сол іргетасының берік болып қалануына бірден бір себепкер жан-ұстаз. Мәртебелі мамандық иесі - ұстаздардың еңбегі ерекше. Айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтап,облысымыздағы білім саласында атқарылып жатқан игі істер жайына тоқталды.
Білім саласына қажетті келелі кездесу барысында қазіргі қоғамда ұстаздың алатын орны жайлы жиі айтылды. Ашық-жарқын әңгіме жүріп,ұстаздардың пікірі тыңдалды.Шара барысында ардагер ұстаз Мария Мамайқызы Астананың 20 жылдығына арналған арнаулы төс белгісімен марапатталды.
Шара соңында жалпы 16 ұстазға облыс әкімдігінің арнаулы дипломдарымен сыйлықтар табысталды.