0:00 / 0:00
Қосымша құн салығы өседі деген ақпарат желідей есті. Бизнес қауымдастығы өз наразы пікірін де жеткізіп, Мемлекет басшысының алдына бар проблемасын жайып тастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бектенов үкіметіне қосымша құн салығын көтеру мәселесін терең зерделеуді тапсырғанды. Міне, пысық үкімет көпке созбай, әу бастағы 20 пайыз деген райынан тайып, енді қосымша құн салығын 16 пайызға көтеруді ұсынды.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҰЭМ «16% базалық мөлшерлеме ұсынылады. Өздеріңіз білетіндей, Қосымша құн салығы – бұл бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі екенін түсіну маңызды. Мемлекеттік бюджеттің 25%-ы.ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің құбылмалы мұнай кірістеріне тәуелділігін азайтуға, Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейтуге және басым Мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді».
Сондай-ақ, бас экономист ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан босатуды ұсынды. Қазірдің өзінде шаруалар бұл салық түрін төлемейді. Сол сақталып қалады. Заңды тұлғалар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бюджетке төлеуге тиісті ҚҚС-тың 30 пайызын төлейді. Енді олар төлемейтін болады. Осылайша, Қазақстанда өндірілген барлық өнім яғни картоп, қызанақ, пияз, қырыққабат және т.б өнімдер бәсекеге қабілетті болады деп отыр Жұманғарин мырза. Эконмика министрлігі денсаулық сақтау саласы үшін 10 пайыз төмендетілген мөлшерлемені ұсынады. Басқа да ұсыныстар болатын болса бизнеспен, сарапшылармен талқылауға дайынбыз деп отыр вице-премьер. Үкімет басшысы бұл жұмысты дереу бастауды тапсырды.
Халық айтса қалып айтпайды демекші, қосымша құн салығы өссе, елде тауарлар бағасы да қымбаттайтынын үкіметтегілер жоққа шығара алмады. Серік Жұманғариннің айтуынша, салық түсімдерінің өсуі жыл сайын 4-5 трлн теңгені құрайды деген жоспар бар. Қосымша инфляция 3% көлемде күтіледі. Ал ауыл шаруашылық министрі елде сиыр етінің қымбаттау себебін түсіндірді. Оның пікірінше, ет бағасының өсуі шаруаларға тиімді.
Сондай-ақ, Үкімет қосымша құн салығы бойынша кәсіпорындарды есепке қою шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынысын өзгеріссіз қалдырды. Ал осы сәтте елдегі саяси партиялар ҚҚС көтеруге қатысты өз ұстанымдарын жариялап бастады. Алғашқылардың бірі болып Respublica партиясы ҚҚС 12 пайыз деңгейінде қалдыру керек деп мәлімдеді. Бұл салық түрі өссе бағаның өсуіне, азаматтардың сатып алу қабілетінің төмендеуіне, шағын және орта бизнеске жүктеменің артуына әкеп соғады деп отыр фракция депутаттары. Ал Үкімет келесі аптада Мәжіліске салықты көтеруге қатысты ұсынысын енгізетіні мәлім. Сондықтан саяси партиялардың шынайы күресін «Салық» Кодексін талқылауда көрерміз.