0:00 / 0:00
Ел үкіметі қазына қаржысын үнемдеуге кірісті. Бүгін өткен селектордық отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен аптадағы ескертулерімен жұмыс істеу мәселесі талқыланды. Президент мемлекеттік органдарға қымбат көліктер сатып алуға, пайдасы жоқ форумдар өткізуге ақша шашуды тоқтатуды айтқан болатын. Сондай-ақ, Үкіметтің халықты маңызды азық-түлікпен қамту мәселесіндегі кемшіліктерін алға тарқан еді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында үш заң қабылданады. Олар – жаңа редакциядағы "Техникалық реттеу туралы" заң, Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу және Денсаулық кодексі.
Асқар Мамин бастаған министрлер кабинеті Үкіметтің бүгінгі отырысын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау жоспарымен бастады. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, президент үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы көтеру және халықтың табысын арттыру бойынша барлығы 80-нен астам тапсырма берді. Осы тапсырмаларды үкімет көктемге дейін орындап, нәтиже көрсетпесе, жұмысын атқара алмағандар қызметінен кететін айтқан болатын Тоқаев. Президент мемлекеттік органдардың ысырыпашылдық жасайтынын да айтқан болатын. Қымбат көлік пен қымбат жиһазға құмар шенеуніктерге тәбетін тыюға тура келеді. Ал сансыз форумдар өткізуге де тиым салынды.
Президенттің сынына ілінген үкімет енді Қазақстанның Дубайдағы ЭКСПО көрмесіне жұмсайтын 9 миллиард теңге қаржысын қайта қарастырмақ.
Руслан Дәленов – ҚР ұлттық экономика министрі; «Комиссияда шығыстарды қысқарту жайы, әсіресе, осы мәселеге баса назар аударылады. Ол шара бізге не береді? Қаржының тиімділігі қандай? Әрбір экономикалық форумға салынған ақшадан Қазақстанға қанша инвестиция келеді? Осының бәрі қаралады.Комиссияда шығыстардың тиімділігі дәлелденбесе, тиісті шешім қабылданады. Осы мәселеге жауапты - сауда және интеграция министрлігі әрбір шығыстың тиімділігін дәлелдеуі тиіс».
Дәленов бұған дейін жасалған инвентаризацияның нәтижесінде 30 миллиард теңгенің үнемделгенін айтты. Енді,Президент Тоқаевтың тапсырмасынан кейін мемлекеттік органдар екі аптаның ішінде қандай шығыстарын қысқартатындарын анықтауы керек.