0:00 / 0:00
Еліміздегі ішкі туризмнің өзге шетелдік елдермен бәсекелес бола алмайтыны жасырын емес. Ақжайық өңірінде тарихи орындар, суға шомылатын жағажайлар мен мәдени нысандары өте көп. Өлке тарихы да бай. Алайда осы турист қызығатын орындарға баратын жол, жол бойындағы санитарлық гигеналық орындар жоқтың қасы. Өзге елдер күректеп ақша тауып отырған туризмді дамыту мәселесі облыстық әкімдікте өткен жиында талқыланды. Атқамінерлер ішкі туризмді дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын жіпке тізді.
Өңірде көрікті жерлер жетерлік. Осы көрерге көз керек көрікті мекенді өзгеге танытып, шетелдік туристер тарту мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Атқарушы билік шетелдік саяхатшыларды шақырмас бұрын ішкі туризмді дамытуды көздеп отыр. Десек те, туризм саласында шешілмеген түйін көп. Өңірдегі туризм ассоциациясының өкілі Айболат Құрымбаев айтуынша аталған салада ақсап тұрған қыруар шаруа бар. Соның бір шетін шығарар болсақ, Ордадағы Жәңгір ханың мазары мемлекеттің қамқорлығына өтпеген, саяхатшыларға тарихи немесе табиғи орындарға жеткізетін жол сілтемесі жасақталмаған, киелі нысандардың басында ақпараттан түк, деректен дым жоқ.
Атқамінерлердің келтірген ақпараты бойынша 2015-2019 жылдары аралығында аймаққа саяхаттағандардың саны 15 пайызға артқан. Ал, биыл түрлі мәдени нысандарға 17 мың туристтің табаны тиіпті. Аймаққа сапарлап келген меймандарға ақпарат беру үшін алдағы уақытта әуежайда "Визит" орталығының кеңсесін ашпақ.
Өңір тарихи орындарға толы. Солардың бірі -Хан ордасы кешені. Нысан қазір республикалық маңызы бар ғимараттардың тізімінде.
Жазғы маусымда туристер көптеп келетін орынның бірі -Шалқар көлі. Ақжайықтың інжу-маржаны саналатын көлдің суы түрлі дертке дауа. Алайда жыл санап көл суы суалып барады. Су айдынының жағасында келушілерге жүздеген киіз үй тігіледі. Биыл 30 қоқыс жәшігі қойылыпты. Және жағалау 5 жылға жалға берілген.
Жиында электронды билет мәселесі де әңгіме болды. Облыста орналасқан мәдени нысандар билеттерді тикетон немесе тикетон.07 сайты арқылы саттыққа шығаруы тиіс. Алайда Ерлан Амандықов сөзіне сенсек, билеттердің жартысы ғана осы сайттар арқылы саудаланып, қалғаны ешкім бақылай алмайтын кассалық жүйеде сатылып жатыр. Және қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы сауда да әкім наразында.
Жиын соңында облыс әкімі туризм саласын дамытуға тиісті тапсырмалар жүктеп, инвестиция тартуды тапсырды.
Сурет https://www.inform.kz/ сайтынан жүктелді