0:00 / 0:00
Орал қаласына қарасты ПДП 4 мекенжайы тұрғындарының қордаланған проблемасы көп. Бұрындары тұрғындар жиі сөнетін жарық пен жолдың жоқтығынан қиналса, енді жақында іске қосылған бетон зауыты мазаларын қашырған. Маусымда іске қосылған өндіріс ошағы санитарлық талаптар сақталмай салыныпты-мыс. Зауыт пен үйдің екі ортасы небары 38 метрден аспайды. Ал заңнама бойынша бұл арақашықтық 100 метрді құрауы шарт. Тұрғындар зауыттың шаң-тозаңынан көз аша алмай, дұрыс демалудан қалдық деп налиды.
Бұл-ПДП 4 тұрғындары. Жыл санап азаматтардың шешімін таппаған проблемасына мәселе қосылуда. Бұрындары тұрғындар трансформатордың жоқтығынан қиналып, ми батпаққа батып, баласын мектепке апарса, енді қоқыс пен шаң тозаңның ортасында отыр. Тұрғындардың негізі мәселесі-жақында іске қосылған бетон зауыты. Зауыттан шыққан шаң-тозаңның кесірінен тұрғындар кеуде керіп демала алмай, жуған кірін ауламызға жая алмай жүрміз дейді. Зауыт жазда іске қосылған. Күндіз-түні жұмыс істеген күндері де болыпты. Тұрғындар өндіріс ошағы санитарлық тараптарды сақтамай отырғанын айтады.
Қала әкімінің орынбасары оқиғаның мән-жайымен таныс екенін жеткізді. Зауыт кезінде барлық тараптың рұқсатын алған. Атқамінер санитарлық талап бойынша өндіріс ошағы мен тұрғын үйлердің арақашықтығы 100 метр болу керектігін айтады.
Бұл шағын ауданның тұрғындарын толғандырған келесі мәселе- жолдың салынбауы. Өткен жылы атқарушы билік Самал көшесіне жол салған. Ал қалған екі көшенің тұрғындары жауын-шашында балшық пен су кешіп жұмысқа баруға мәжбүр. Ми батпақтың кесірінен оқушылар мен егде жастағы қариялар қиналатынын жеткізді. Тұрғындардың сауалын жауапты мамандарға жолдадық.
Халықты экологиясы мәселесі де толғандырып отыр. Үйлерінің жанында заңсыз қоқыс төгетін орын пайда болған. Алғашында құрылыс материалын тастаған. Енді қоқыс алаңында тұрмыстық қалдықтар көп. Тұрғындар қолқаны қабатын иіс пен желмен ұшатын қоқыстан көз ашпаймыз деп налиды.