0:00 / 0:00
Оралда токқа түсіп, екі қолынан айрылған 4 жасар бүлдіршіннің жағдайы әлі де ауыр деп бағаланып отыр. Айға жуық уақыттан бері дәрігерлер бақылауындағы бүлдіршінге қазір қолын алмастыратын протез үшін ерікті тұрғындардан 8 млн. теңгеден аса қаражат жинаған. Дәрігердің айтуынша, баланың жағдайы әлі де болса ауыр. Ол өзіне не болғаны да есінде. Бала тіпті бірнеше рет екі қолының неге жоқ екенін сұраған. Алдағы уақытта ұзақ емделіп, мүгедектікке тіркеліп, протез салынатын болады. Айға жуық уақыт ем алып жатқан Аманжолдың жағдайы ел халқына таныс. Жан-жақтан балақайдың отбасына қолдау көрсетіп жатқан халықтың қарасы қалың. Облыс әкімі Ғали Есқалиев орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте әкім ретінде қайғылы жағдайға жауапты екенін айтып, егер әкімдікке қарасты компанияның кінәсі дәлелденсе, тиісті шара қолданылатын мәлімдеді. Ал бүлдіршіннің анасы бауыр еті баласының мұндай жағдайға тап болғанына әлі де болса сене алар емес. Қос қолынан айрылған ойын баласы Аманжол Сисенғалиев отбасындағы 4 баланың кішісі. Айығып шығуы үшін әлі де уақыт қажет. Қазір қала тұрғыны, қоғам белсендісі - Айболат Бөкенов қор құрып, балаға протез алу үшін қаражат жинауға кірісіп кетті. Айта кету керек, аймақта электр тораптарының 83% әбден ескірген. Тозған желілер жиі үзіліп, адамға да, малға да қауіп төндіріп отыр. Ал тұрғындар сала мамандары салғырт деп ашынады. Оқыс жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.