Орал қаласының Мәншүк Мәметова 60, Кердері 174, 172/2 мен Мұхит 129 мекенжайында орналасқан тұрғын үйлерді мекендеушілер аулаларын абаттандырып беруді сұрайды. Ата-аналар біраз жылдан бері балаларымыз тозығы жеткен алаңда ойнауға мәжбүр дейді. Ескірген әткеншектерден құлап, жарақат алған сәбилер де бар.
Бұл облыс орталығында орналасқан Мәншүк Мәметова 60 мекен-жайына көрші үйлердің тұрғындары. 4 көпқабатты тұрғын үйді мекендеушілер бір ауыздан балаларына аула салып беруді сұрап отыр. Осы аулада өзі өсіп, енді баласын ойнатып жүрген жас аналар да жетерлік. Олар: "Бұл әткеншекте өзім ойнадым. Енді балам ойнап жүр. 4 үйге ортақ ауланың аумағы үлкен. Бірақ абаттандырылмаған. Соңғы рет 10-15 жыл бұрын қойылған темірден жасалған әткеншектердің тозығы жеткен",-дейді.
"Жасөспірімдер аулада доп қуса, үйіміз шаң тозаңға толады",- дейді. Балалардың өзі жазда әкімге аула салып беруін сұрап, бейнежолдау жолдаған.
Тұрғындарды толғандырған сауалды атқамінерлерге жолдадық. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының басшысы 4 үйге ортақ аулаға биыл кешенді жөндеу жұмыстары жүргіземіз деп мәлімдеді.