0:00 / 0:00
Оралда тұмау ауруынан екі бала қаза тапқаны жөніндегі ақпарат расталмады. Батыс Қазақстан облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандарының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде Орал қаласында екі баланың тұмаудан қайтыс болғандығы жөнінде жалған ақпарат тараған. Облыс тұрғындарына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп сендірді сала мамандары. Себебі аймақта тұмау ауруының вирусының өршу қауіпі жоқ. Сонымен қатар тұмау ауруының асқынған түрі де тіркелмеген. Облыста эпидемияға қарсы жедел шараларды қабылдау мақсатында жыл сайын 1 желтоқсаннан бастап облыс халқының жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың жай-күйіне күнделікті мониторинг жүргізіледі. Дегенмен дәрігерлер өңір тұрғындарына тұмау асқынуларның қауіпті екенін ескертеді. 1-ші қазаннан бастап 70 мың батысқазақстандық грипке қарсы ресейлік препарат «гриполлды» қабылдаған. Осы күнге дейін 42 науқас тұмау дертіне шалдыққаны анықталған. Олардың 85,7-сі 14 жасқа дейінгі балалар. Олар «В» типті вирусты жұқтырған. Ал тұрғындар болса, аурудың алдын-алуда вакцинаның маңызы зор дейді.Айта кеткен жөн, тұмаудың өршу кезеңі қаңтар айының соңы мен ақпан айында болады дейді дәрігерлер. Сол себепті респираторлық аурулардың алғашқы белгілері пайда болғанда өзін-өзі емдеумен айналыспай, дереу дәрігерге бару қажет,-дейді мамандар.