0:00 / 0:00
Оралдық бір топ мүмкіндігі шектеулі жанның жеке көмекшілері қарашадан бері тиісті төлемімізді ала алмай келеміз деп наразы. Олар уәждерін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлеріне айта келді.
Шаһарымыздағы бір топ мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке көмекшілері қарашадан бері мемлекет бекіткен тиісті төлемдерімізді ала алмай келеміз деп шағымдануда. Аталмыш төлем жеке көмекшіге қам көңіл жанды ауруханаға, жұмысқа немесе өзге орындарға апарып келуі үшін төленеді. Ақы сағатына төленеді. Қазіргі көрсеткіштер бойынша жеке көмекшіге бір сағат үшін 358 теңге болып белгіленген.
Жеке көмекшілердің уәжін тыңдаған сала мамандары биылдыққа осы салаға арналған үш мемлекеттік сатып алу болғандығын айтады. Соңғы тендер күзде өткізіліпті. Оның сомасы 17 млн. теңгені құрап, қос тарап 16,2 млн. теңгеге келісімшарт жасақтасқан. Сала мамандары қазіргі таңда тек гемодиализ тобы бойынша атқарылған жұмыстың актісі тапсырылды, ал екі тараптың есебі тапсырылмаған деп отыр. Есептер тапсырылған бойда қалған сома тендерді ұтып алған компанияның есебіне аударылмақ.
Жеке көмекшілердің аталмыш проблемасы жыл санап қайталанып келеді. Себебі, заңнамада да нақты жеке көмекшіге төленуі тиіс норма көрсетілген. Сала мамандары келер жылдың алты айы үшін осы жүйе бойынша мемлекеттік сатып алу процесі ұйымдастырылатынын айтады. 2020 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік портал іске қосылмақ. Аталмыш порталмен жұмыс жасау үшін адамның электронды қолтаңбасы қажет. Порталдың көмегімен азаматтар өздеріне қажетті техникалық құрылғылары мен жеке көмекшілерді таңдай алады.