Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

ТОҚАЕВТЫҢ ҚЫТАЙҒА ЖАСАҒАН ҰСЫНЫСТАРЫ

c 21:40, 22/05/2023 c 180

0:00 / 0:00

Қазақ басшысының көршілес жатқан Қытайға сапары барысында бірқатар келісімдерге қол жеткізілді. «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық компанияларды Қазақстанда автомобиль кластерін құруға шақырды. Сондай-ақ электронды коммерция саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер барын айтты. Мемлекет басшысының осы сапарында Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Тоқаев осы келісім аясында «Жібек жолы» туристік операторларының тізімін жасауды ұсынды. Толығырақ тілші тарқатады.

Неше күннен бері отандық БАҚ қазақстандық делегацияның аспан асты ел -Қытайға сапары жайында жарыса ақпарат таратып жатыр. Екі ел арасында бірқатар келісімдерге қол жеткізілді. Сондай-ақ, «Орталық Азия – Қытай» саммитінің алғашқы бас қосуы болды. Оған қазақ, қытай, өзбек, қырғыз, тәжік және түркіменстан елдерінің басшылары қатысты. Ақорданың хабаралуынша, Қазақстан Президенті автомобиль шығару өнеркәсібі сияқты ғылымды қажет ететін саланы дамытудың болашағы зор екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана Қытайдың алдыңғы қатарлы көліктерін елімізде құрастыруды бастау туралы келісімге қол қойылғанын еске салды. Қазақ басшысы қытайлық компанияларды Қазақстанда автомобиль кластерін құруға шақырды.

Бүгінде елімізде шетел инвесторларына қолайлы жағдай жасауға және кедергілерді жоюға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр деді Тоқаев. Оның мәліметінше, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 350 миллиард доллардан астам инвестиция тартылса, соның 23 миллиард доллардан астамы – Қытайдың еншісінде. Президент Қытаймен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзір екенін айтты. Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапарында жалпы құны 22 миллиард доллар болатын бірқатар келісімге қол қойылды. Екі елдің сауда-саттық көлемі 31 миллиард долларға жетті. Қазақ-қытай басшылары бұл көрсеткішті 40 миллиардқа дейін жеткізу жөнінде уағдаласып отыр.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы электронды коммерция саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер барын айтты. Бұл бағытта Қытай әлемде көш бастап тұрғаны сөзсіз. Қытайдың «Alibaba Group», «JD.COM» сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор деді. Осы орайда, Тоқаев Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынды. Осы сапар барысында Қытаймен 30 күндік виза келісімі жасалғаны мәлім. Қазақ Президенті осы келісім аясында «Жібек жолы» туристік операторларының тізімін жасауды ұсынды. Топтық турлар үшін визасыз режим енгізіп, бірыңғай туристік кластер құру қажет. Сол кезде қытай туристері бір сапарда Орталық Азияның бірнеше еліне бара алады, - деді ол.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы саммитте Қазақстан аймақтың геосаяси текетірес аренасына айналуын қабылдамайтынын мәлімдеді. Сиань қаласында өткен "Орталық Азия - Қытай" саммитінің келесі отырысы 2025 жылы Қазақстанда өтетін болды.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.