0:00 / 0:00
ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес ҚР ІІМ еліміздің территориясына 1 ақпанға дейін кірген көліктерді тіркеудің жол картасын жасады. БҚО Полиция департаменті, БҚО бойынша кедендік бақылау департаменті, БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарынан жасақталған жедел топ азаматтарды қабылдауда. Қабылдауда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) елдерінен кірген автокөліктерді тіркеу шарттары мен ережелері түсіндіріліп жатыр. Әзірге көлікті тіркеу жүзеге аспаған, көлік иелері аталған орталықтан түсінік алуда.Осы уақытқа дейін облыс аумағына 42 мыңдай көлік сырттан кіргізілген. Олардың көбі Ресейден. 1500-дайы Армения, ал 38 көлік қырғыз елінің нөмірімен жүр. Айта кетерлік жәйт, шетелдік нөмірлі көліктердің қатысуымен облыста 1300 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. 147 жүргізуші оқиға болған жерден бой тасалаған. 3 апатты жағдай адам өлімімен аяқталды. Осыларды ескере келе, шетелдік көлік иелеріне жаңа талаптар жүктеліп отыр.. Бұл ретте жүргізушілердің де өз айтары бар.Мысалы, мұндай көліктерді әкелу мен пайдалану тек кедендік рәсімдеу мен баж салығын төлеген жағдайда ғана мүмкін болмақ. Ол үшін көлік техникалық тәртіпке сәйкес болуы тиіс. Содан кейін сары түсті қазақстандық мемлекеттік нөмір беріледі. Бүгінде елімізде шетелде тіркелген 170 мыңдай көлік жүр. Бұл нақты дерек емес. Бұған дейін шетелде тіркелген көліктерін сенімхат арқылы жүргізіп келген қазақстандықтардың алдында енді үш жол ғана қалды. Біріншісі көліктерін заңды түрде тіркеуге қою. Екінші жолы - тіркеуді қымбатсынса, көлігін ел аумағынан шығару. Себебі зауыттан шығарылған жылына байланысты кейбір көліктің салығы өзінен қымбатқа шығып тұр. Ал басқа мүмкіндік қалмаған жағдайдағы шешім - көлікті қосалқы бөлшекке сату.