0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан облысында биыл екі адам пойыз астында қалған, өткен жылы да осындай 5 жағдай тіркеліп, оның екеуінің соңы қайғылы аяқталған. Бұндай фактілердің себебі - теміржол бойындағы белгіленбеген жерлерден өтуден болатын көрінеді. Алайда, бір айта кетерлігі, қаладағы темір жолдардың маңында тұрғындарға арналған арнайы өткел жоқ. Өңірімізде жыл сайын пойыз астына қалу жағдайлары толастамай отыр. Қайғылы аяқталатын бұндай жайттарға кінәлі кім? Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін нендей шаралар қабылдануда? Тәртіп сақшылары мен қазақстан темір жолы қызметкерлерінің әзірше қолынан келері тек тұрғындарды ескерту ғана. Ескертуді тыңдауға халық та құлықсыз. Себебі, ескерту үшін де алдымен жағдай жасалуы керек. Тұрғындарға арналған өткелдің жоқтығына қарамастан, инспекция өкілдері белгіленбеген жерден өткен тұрғындарға айыппұл барын жасырмайды. Айта кетелік, тыйым салынған темір жол бойымен өткендігі үшін 3 айлық мөлшерде айыппұл салынады.