0:00 / 0:00
Оралда абаттандыру жұмыстары сәтті жүзеге асуда. Бұл мақсатқа қазынадан 600 миллион теңге бөлінген. Осы қаржы есебінен көптеген нысандар айналасы абаттандырылды. Сонымен бірге жарық шамдарын жаңартылып, бірнеше субұрқақ күрделі жөндеуден өткізілді. Көгалдандыру мен көпжылдық тал-теректерді отырғызудан бөлек қала маңындағы кенттерде де жобалар сәтті жүзеге асуда.Орал қаласындағы санитарлық жағдай күн тәртібінен түспейтін мәселелердің бірі. Қала аумағы уақыт өткен сайын үлкейіп келе жатқандықтан тазалық шараларына баса мән берілуде. Әсіресе жаңадан бой көтерген аудандардағы көп қабатты үйлер маңына контейнерлер қою, ал ескілерді жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі» мамандарының таратқан ақпаратына сүйенер болсақ, биыл жалпы саны 800-ден аса евро контейнерлер сатып алынатын болады. Олар Оралдағы жаңадан бой көтерген аудандар мен контейнерлер жетіспейтін аумақтарға қойылады.Мәселен 30 мыңға тұрғыны бар Деркөл кентінде осы айдың соңына дейін 15 контейнерлік алаң орнатылады деп жоспарланып отыр. Күніне Орал қаласының аумағынан 200 тоннадан аса тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Бұл шараларға 30-дан аса жұмысшы мен 20-дан аса техника тартылады. Сонымен қатар облыс орталығында тұрмыстық қалдықтарды бөлек-бөлек сұрыптауға арналған қосымша контейнерлер қолданыла бастады. Олардың саны 500. Алдағы уақытта көбейту жоспары бар. «Орал таза сервис» ЖШС бүгінде жұмысшы жетіспеуі және техниканың ескіруі сынды проблемалармен күресе отырып қызмет етіп келеді. Сала мамандары биыл коммуналдық кәсіпорын су жаңа екі техниканы сатып алғанын да мәлімдеді.