0:00 / 0:00
Әзербайжан Қазақстаннан көмек сұрады. Бүгін елордада өткен брифингте
Таулы Қарабақ қақтығысына қатысты Әзербайжанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамедов Қазақстанды Армениямен қарулы қақтығыста Әзербайжанға көмектесуге шақырды. Елшінің айтуынша, Әзірбайжанға әскери көмек емес, моральдық қолдау қажет. Елші барлық халықаралық келісімге сәйкес, Таулы Қарабақтың аумағы Әзербайжанның құрамына кіретінін, сондықтан азат ету соғысы жүріп жатқанын айтты. Өздеріңізге мәлім, қыркүйектің 27-і күні Әзербайжан қорғаныс министрлігі Армения қарулы күштері Қарабақта түйісу шебіндегі елді мекендерге оқ жаудырғанын хабарлағанды. Қаза тапқандар бар. Ал Армения қорғаныс министрлігі Қарабақ Әзербайжан тарапынан "әуе және зымыран шабуылдарына ұшырады" деп мәлімдеді.Ресми мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының басшысы Араик Арутюнян әскери жағдай енгізді. Арменияда да әскери жағдай енгізілді. Өз кезегінде Қазақстан жанжалдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, тараптарды келіссөз жүргізуге шақырды.
Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігі елордада журналистер мен саясаттанушыларды жинап,мәлімдеме жасады. Әзірбайжанның біздің елдегі елшісі Рашад Мамедов 1,5 сағаттық мәлімдемесінде Қазақстан Таулы Қарабақтың Әзербайжаннан бөлінуін ресми түрде мойындамағанын және республиканың тұтастығын жақтайтынын еске салды. Сонымен бірге, Қазақстанда Армения мен Әзербайжан шекарасындағы қақтығыс туралы жалған ақпарат тарап жатыр деді. Өз мәлімдемесінде елші Таулы Қарабақтың Әзірбайжанға тиесілі екенін дәлелдейтін тарихи мәліметтерін алға тартты. Елшінің сөзіне сүйенсек,
Әзербайжан Армениямен шекарада әскери іс-қимыл жүргізіп жатқан жоқ, әскери іс-қимыл Әзербайжан Республикасының ортасында жүріп жатыр. Біз өз аумағымызды азат етіп жатырмыз дейді ол.
Рашад Мамедов - Әзербайжанның қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі «Армения өзге елдерден мыңдаған тонна қару-жарақ алды. Соның ішінде ресейден. Мұны бәрі біледі. Әр күн сайын Каспий теңізінің үстімен Қазақстан, Түркіменстан, Иран әуе кеңістігі арқылы Арменияға қару-жарақ жетікізілуде. Армения бұл соғысқа алдын-ала дайындалды. Армения арандатушылық әрекетін көрсетті. Бір ай бұрын әскери күшін күшейткенін мәлімдеді»
Елші Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше екенін, оның құрамына Қазақстан да кіретін еске алды. Дәл осы себептен, дипломаттың айтуынша, қақтығысқа үшінші елдерді тарту үшін ақпараттық шабуыл жасалып жатыр. Әзірбайжан Қазақстаннан ЕАЭО және ҰҚШҰ аясында Арменияны тоқтатуын сұрап отыр. Ал Әзірбайжанға Түркия тарапынан әскери қолдау жасалып жатыр деген ақпарды елші жоққа шығарды.
Рашад Мамедов - Әзербайжанның қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі «Елші ретінде елімнің атынан мәлімдеймін, Түркі елі әскери көмек жіберіп жатқан жоқ. Бізде тек Түркиядан сатып алған өз қару-жарағымыз бар. Бізге басқа елдерден әскери көмек қажет емес. Біз сатып аламыз. Изральден, Ресейден млрдттаған долларға қару-жарақ сатып алғанбыз. Ол Армения көмек алып жатқан. Ресейден кредитке қару сатып алуда. Бізге бауырлас ел Қазақстаннан көмек керек. Халықаралық құқықтарға сәйкес Қазақстанның моральдық және саяси қолдауы қажет. Қақтығыс БҰҰ-ның қауіпсіздік қарарына және басқа да халықаралық құжаттарға сәйкес бейбіт жолмен шешілуі тиіс. Біз ешкімнің Қазақстандағы бейбітшілікті бұзуын қаламаймыз».
Өз кезегінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Армения мен Әзербайжанды атысты дереу тоқтатуға және алдын-ала шартсыз мәнді келіссөздерді бастауға шақырды. Алайда,Баку Ереванның Қарабақ бойынша келіссөзде қолайсыз талаптарды алға тартып отырғанын мәлімдеуде. Осылайша сонау 1988 жылы басталған Таулы Қарабақ дауы тағы ушығып отыр.