0:00 / 0:00
Форум жұмысына С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басқарма төрағасы, «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов, Жәңгір атындағы БҚАТУ басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, сондай-ақ әр өңірдегі «Ауыл» партиясы жастар қанатының көшбасшылары, партия тізімімен сайланған жас мәслихат депутаттары мен ауыл әкімдері, студенттік ұйымдары қатысты. Форумның үлкен жиынында сөз алған Жәңгір хан университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін Ақ Жайық өңіріне әр аймақтан келген жастарға ыстық ықылас білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Бұдан әрі форумда «Болашақ» бағдарламасының ауылдық жерлерге тигізер пайдасы, ауылдардағы спорт пен мәдениет нысандарының проблемалары, ауыл жастарының кәсіпкерлік саласындағы рөлі, әлеуметтік желіні тиімді пайдалану, ауыл мектептерінің білім беру деңгейі мен жастарды тәрбиелеу саясаты, қала жастарына ауыл тұрмысын дәріптеу, агроөнеркәсіп кешенін жоғары білімді мамандармен қамту туралы ой-пікірлер ортаға салынды. «Ауыл» партиясы орталық аппаратының инспекторы Айдар Саттаров көп жағдайда ауыл жастарына көңіл бөлу жұмыстары кемшін түсіп жататынын жасырмады. Сәйкесінше, осындай іс-шаралар ұйымдастыру арқылы оларға назар аударту көзделген. Оралда өткен ауыл жастарының форумына 300-ге жуық адам қатысты. Форум ұйымдастырушылары атап өткендей, алдағы жылдарда ауыл жастарының форумын ауылдық елді мекендерде өткізу жоспарлануда.