0:00 / 0:00
Еліміздің аумағында төтенше жағдай жарияланып, көптеген нысандардың жұмыс кестесіне өзгерістер еніп, кеселдің таралмауы үшін барыншы күрес жүріп жатыр. Сол шектеулердің бірі- қоғамдық тамақтануға қатысты. Наурыздың 16-сынан бастап, барлық кафелер мен мейрамханалардың тек кешкі 10-ға дейін жұмыс жасауы керек. Бірақ, бұл шектеулерге құлақ аспай, азаматтарға қызмет көрсетуін жалғастыратын бизнес субъектілері бар. Олардың жұмысын әшкере қылып, тәртіпке бағынбаған жандарды анықтау үшін санитарлық мамандар, әкімдік пен полиция қызметкерлері арнайы рейд жұмыстарын ұйымдастырды.
Төтенше жағдайдың талабы бойынша барлық қоғамдық тамақтану орындары тек түнгі 10-ға дейін жұмыс жасауы керек. Сондай-ақ, барлық кафе мен мейрамханалар әрбір екі сағат сайын нысандарды тазалап тұруы керек. Осындай талаптардың орындалмауын атқарушы билік пен санитарлық мамандар және полиция қызметкерлері қадағалап келеді. Арнайы рейд шарасы барысында теміржол вокзалы ауданында орналасқан мына нысан 22:00-ден дейін қызметін жалғастырғаны анықталды.
Санитарлық саланың мамандары орын алған оқиғаға байланысты акт толтырып, полиция қызметкерлері кәсіпкерден түсінтеме алды. Сала мамандары төтенше жағдайға қарамастан шектеуге бағынбаған бизнес субъектісінің үстінен әкімшілік құқық бұзушылықтың 476 бабы бойынша хаттама толтырып, сотқа жолдайтындығын айтады.
Тәртіп бұзған кәсіпкер шектеудің енгізілгенін білдім, бірақ маған арнайы хабарлама келген жоқ деп ақталды. Хабарлама күткен кәсіпкер мамандар тексермейінше, сол күйі қызметін жалғастырыпты.
Облыс бойынша төтенше жағдайға қарамастан қызметін жалғастырып, санитарлық талаптарды орындамаған бірнеше кәсіпкердің үстінен әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалыпты.