Қазақстандағы атмосфераның негізгі ластанушылары аталды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға шығарылған ластаушы заттар 2,4 миллион тоннаны құрады, - деді министр Мырзағалиев мәжілісте өткен жиында. Шенеуніктің айтуынша, негізгі ластаушылар - ірі өнеркәсіптік нысандар, автокөлік және жеке тұрғын үйлер.
Қазақстанның ірі кәсіпорындарында ең жақсы қолжетімді технологиялар қалай енгізілетін болады? Алдын ала деректер бойынша 2019 жылы кәсіпорындардың эмиссиясы үшін төлем 96 млрд.теңгені құрады. Сонымен қатар, 2019 жылы компаниялар табиғатты қорғау іс-шараларына 145 млрд. теңге жұмсады. Бәрін қосқанда 240 млрд. теңгеден астам қаржы болады, - деді Мағзұм Мырзағалиев. Технологияларды енгізу кезеңі 10 жыл. Бұл уақыт ішінде компаниялар 2 трлн-нан астам ақша жинап үлгіреді, дейді министр. Бірінші кезеңде, мұнай-газ, тау-кен металлургия, химия және электр энергетикасы салаларынан 50 ірі кәсіпорын іріктеледі. Бірақ компаниялар технологиялар тым қымбат, миллиард доллардан асады деп отыр. Сондықтан олар халық үшін тарифті көтеруге мәжбүрміз дейді. Ал министр болса, экология талаптарын сақтамаған компанияларға айыппұлды еселеп көтереміз деп отыр.