0:00 / 0:00
Бүгін Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы бес адам анықталды. Барлығы өңір тұрғындары. Бірінші жағдайда, науқас Ресей Федерациясында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын, коронавирус инфекциясы анықталған азаматпен бірге келген. Екінші азамат коронавирусқа шалдыққан науқаспен байланыста болған адам ретінде тіркелді. Соңғы 3 жағдай бойынша анықталған науқастар - Ресей Федерациясында вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар.Сондай-ақ тіркелген 25 науқастың алтауы - Өзбекстан Республикасының азаматтары. 19-ы - жерлестеріміз. Департамент мамандарының сөзіне сүйенсек, 25 жағдайдың 20-сы бойынша азаматтардың өзге өңірлерден жұқтырып келгені анықталған. Бес адам инфекция жұқтырғандармен байланыста болған.БҚО бойынша 1370 адам үй карантинінде. БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын қадағалау мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, коронавирус инфекциясын жұқтырған 24 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуда.
Провизорлық стационарға 70 адам жатқызылған. Науқастармен тікелей байланыста болған 113 адам карантиндік стационарға орналастырылды. Сондай-ақ 1370 адам үй караниніне оқшауланды. Қазіргі таңда науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталуда. Күні бүгінгі жағдай бойынша облысымызда COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 25 адамға жетті.