0:00 / 0:00
9-желтоқсан халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Бұл дата 2003 жылдан бері аталып өтуде. Қазақстан да өзге елдер секілді жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күресуді мақсат тұтып отыр. Тіпті заң жүзінде пара алып, пара берген жандарға жазаны күшейтті.
2003 жылдан бастап әлем елдері 9-желтоқсанды жемқорлықпен күрес күні деп белгіледі. Жең ұшынан жалғасқан қылмыспен күресу үшін түрлі механизмдер іске асты. Десек те, пара алып, пара берген жандардың саны азаймай тұр. Осы күрделі проблемамен күресу үшін облыс орталығында республикалық конференция өтті.
Аралас форматта ұйымдастырылған шара барысында жемқорлыққа байланысты түрлі проблемалар сөз болды. Мысалы, "Саналы ұрпақ" республикалық кеңесінің мүшелері студенттерге арналған жатақхананың құнын тілге тиек етті. Бірдей жағдай жасалған мекемелердегі баға саясаты әртүрлі. Бұл тәртіпті бекітіп, оны қадағалайтын ешкім жоқ.
Сала мамандарының таратқан ақпарға сүйенсек, биыл сыбайлас жемқорлық департаментінде 2021 жылдың 11 айында 42 қылмыстық іс тіркелген. Оның 64 пайызы жемқорлық қылмысы екен. Парақорлықтың кесірінен мемлекетке 183,1 млн теңгеге жуық залал келтірген. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы мен оның қолды болмауын жіті бақылау керек,- дейді белсенділер. Жиында 10 млн. теңгенің аты шулы аялдамасы да сөз болды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған конференцияның соңында осы қылмыспен күресуге ат салысып, қоғам игілігі үшін жұмыстанып жүрген жандар марапатталды.