0:00 / 0:00
Бүгін Орал қаласының бір бөлігі тағы да сусыз қалды. Бұған себеп 12 тамыз күні сағат 12.30-дар шамасында шаһардағы басты көшелердің бірі - Еуразия даңғылы бойында кәріз коллекторының жарылуы. «Батыс су арнасы» ЖШС мамандарының айтуынша ауыз су бүгін де берілмеуі мүмкін. Қазіргі кезде апаттың себебі анықталу үстінде. Апатқа байланысты бүгін сағат 07.00-ден бастап теміржол вокзалынан Нұрсұлтан Назарбаев даңғылымен Сарайшық көшесіне дейін, одан 2-база ауданына дейін (5194 абонент) су беру тоқтатылды.Су тасымалы ұйымдастырылды. Оқиға орнында "Батыс су арнасының" бригадасы (12 қызметкер, 3 техника) жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, су Зачаган кентінде де жоқ. Айта кетейік, Орал қаласында ауызсу проблемасы көптен бері туындап келеді. Тұрғындар кезекті рет сусыз қалған биылғы шілде айында БҚО әкімі Ғали Есқалиев жағдайға түсінік берген болатын.