0:00 / 0:00
Көктемнің әлегі жалғасуда. Еліміздің 8 өңірінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі әлі сақталып отыр. Жайық арнасынан асып, Атырау облысында елді мекендерді су басып қалу қаупі бар. Су тасқыны орын алған аймақтар бойынша жалпы есеп берген вице-премьер Қанат Бозымбаевтың мәлімдеуінше, 13 мыңға жуық үйді су басып, 119 мыңнан астам адам эвакуацияланды.
Сондай-ақ, 26 мыңға жуық саяжай учаскесі су астында қалды. Тасқын судан зардап шеккендерге бір реттік көмек беріліп жатқаны мәлім. Бүгінгі мәлімет бойынша 20 мың 600 отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек алды. Жалпы сомасы 7,5 млрд теңгені құрап отыр. Өңірлерде тасқын шығынын есептеп, бағалай, өтеу жұмыстары жалғасуда. Дегенмен, елдегі су тасқының беті әлі қайта қойған жоқ. Атырауда Жайық өзенінің деңгейі қауіпті шектен асып барады. Сондықтан премьер-министр әкімдер мен құзырлы орган басшыларына жағдайды жіті бақылауда ұстауды жүктеді.
Өкінішке орай Ақтөбе облысында да жағдай мәз емес. 2 елдімекенде әлі күнге дейін көлік қатынасы жоқ. Электр жарығынсыз отырған ауылдар да бар. Жөндеу жұмыстарын тездетіп, азық-түлік пен дәрі-дәрмекпен қамтуда мұқият бақылауға алу керек деді Бектенов. Сондай-ақ, үкімет отырысында табиғи өрттің алдын алу мәселесі де қаралды. Жыл сайын елімізде мыңға жуық табиғи өрт орын алады. Премьердің мәліметінше, өткен жылы 116 мың гектардан астам орман қоры өртеніп кетті. Биылғы жазда Қазақстанның батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық ұзақ сақталады деген болжам бар. Яғни өрт қаупі күшейе түседі. Үкімет басы бұған дайын болуымыз керек деп отыр. Биылдың өзінде 30-ға жуық орман өрті тіркелді.