0:00 / 0:00
Қазақстанда сотқа сенім жоқ. Әділдік іздеп барған судьялардың өзі сыбалйас жемқорлыққа белшеден батып отыр. Еске сала кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қазақстан Жоғарғы cотының ішкі қауіпсіздік қызметі Жоғарғы сот судьясын ұстады. Ол Нұр-Сұлтан қаласында ірі көлемде ақша алу барысында қолға түсті. Бұл келеңсіздікті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «масқара жағдай» деді. Мемлекет басшысы Жоғары сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтарына осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керектігін айтты. Бұл жайында сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөніндегі кеңес барысында сөз болды. Толығырақ Әселім Қалкеннің бейнематериалынан
Сыбайлас жемқорлық әділ сотта да орын алып отыр. Сот жүйесін реформалау, салаға білікті мамандарды тарту мәселесі қолға алынуда. Судьялардың парақорлыққа қолы былғанбауы үшін еңбекақысын да едәуір өсіріп, әлеуметтік жағдайы жақсартылған. Дегенмен, қоғамда сотқа деген сенім жоқ. Президент сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп санайды.
Соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін 17 судья жауапқа тартылды. Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған. Ал кеше сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қазақстан Жоғарғы cотының ішкі қауіпсіздік қызметі Жоғарғы сот судьясын ұстады. Судья Нұр-Сұлтан қаласында ірі көлемде ақша алу барысында қолға түсті. Күдікті Жоғары сот кеңесінде жұмыс істеген кезде Түркістан облысы аудандық сотының судьясын бір соттан екінші сотқа ауыстыру бойынша көмек көрсеткені үшін пара алған. Сондай-ақ, Түркістанда ақша берген аудандық соттың судьясы да ұсталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев – ҚР Президенті -«Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғары сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ, аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Аталған жағдай қоғамды теңселтіп кетті».
Осылайша, Президент алдында отырған Жоғарғы соттың басшысы Жақып Асановқа осы оқиғадан сабақ алуға кеңес берді. Негізі заң талабы бойынша қол астындағы қызметкері жемқорлық фактісімен ұсталып жатса, басшысы отставкаға кетуі тиіс.