0:00 / 0:00
Оралдағы «Жайық самалы» бассейінінің құрылыс жұмыстарына қатысты сот процессі ертең болады. Сапасыз жұмыс жасалды деп басы дауға іліккен мердігер құрылыс компаниясының басшылығы тапсырыс беруші басқарманы, қаржыны уақытылы төлемегені үшін кері сотқа бергендерін мәлімдеді. «Жайық самалы» бассейіні жөндеу жұмыстарына байланысты сәуірде уақытша жұмысын тоқтатқан спорттық нысан күзде жұмысын кері жандандыруы тиіс болатын. Мердігер құрылыс компаниясының директоры Нұрлыбек Асан №3 спорт мектебінің директоры ортақ жұмысты орындау барысында кедергі келтіргенін, құрылыс компаниясы жобалау құжаттарына сай орындалған жұмыстардың мінсіз екенін айтады. Тіпті құрылысшылар жобада көрсетілмеген шараларды атқарғанын мәлімдеді. Жөндеуге алғашқыда қазынадан 185 млн. теңге бөлінеді деп жоспарланған болса, артық шығындар есептеліп 144 млн. теңге қарастырылды. Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары сот шешімінен соң ғана құрылыс компаниясының жұмсаған шығыны өтеу туралы шешім шығатынын айтады.Сусыз жаттығу шараларын қаланың әр спорт мектебінде өткізіп жүрген 200-ден аса баланың тағдыры ертең шешіледі деген үміт де жоқ емес.