0:00 / 0:00
Ең алдымен ШЫҰ саммитіне алыс-жақыннан жиналған мемлекет басшыларын қазақ президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында қарсы алды. Астана Саммитіне Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Үндістан, Қатар, Қытай, Қырғызстан, БАӘ, Пәкістан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстанның көшбасшылары қатысты. Сонымен қатар БҰҰ, ШЫҰ бастаған ірі халықаралық ұйымдардың жетекшілері де төбе көрсетті. Біздің елде қонақ болып жатқан мемлекеттердің басшыларының ішінде Ресей Президенті Владимир Путин мен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Тәуелсіздік сарайына өз жеке көлігімен келгенін аңғардық.
Қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоаев түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өткенін мәлімдеді. Тоқаев өз сөзінде «Шанхай ондығына» кіретін елдер үшін стратегиялық маңызы бар басты бағыттарға тоқталды. Геосаяси тұрғыдан жікке бөлінуге жол бермеу мақсатымен, түптеп келгенде, жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ШЫҰ өзінің тұрақтандырушы және жасампаздық рөлін күшейтуі тиіс», – деді. Сондай-ақ, қазақ басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымында бүкіл Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепіл болатындай айрықша мүмкіндіктер барын айтты. Әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдайтын уақыт келгенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейту Ұйымға мүше елдерге ортақ тағы бір маңызды міндет екеніне назар аударды.
Әлемдегі қауіпсіздік мәселесі бойныша Ресей басшысы да сөз қозғады. Владимир Путин Украинадағы қақтығысты шешуге қатысты өз көзқарасын тағы да ұсынды. Еске салайық, Путин Украинаға 4 аймақтан әскерін шығаруды, сондай-ақ шиеленісті шешу үшін НАТО-ға кіруден бас тартуды ұсынған болатын. Ал Батыстың Ресейге салған санкциялары жойылуы керек. Украина бұл ұсынысты қабылдамаған соң, бұл Украинаның төрт аймағын Ресейдің бақылауына беруді білдіреді.
ВЛАДИМИР ПУТИН – РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ «Маусым айының ортасында реттеудің тағы бір жолы- Укаринаның және оның батыстық демеушілері дайын болған жағдайда соғысты тоқтату, адам өмірін сақтау үшін келіссөзді бастауды ұсынғанмын»
Жоғарыда айтылғандай осыған дейін бақылаушы болып келген Беларусь елі биылдан бастап ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болды. Беларусь Президенті Александр Лукашенко да қауіпсіздік мәселесіне тоқтала келе, батысты сынады.
АЛЕКСАНДР ЛУКАШЕНКО – БЕЛАРУСЬ ПРЕЗИДЕНТІ «21 ғасырда жаһандық қауіпсіздікті құруымыз қажет. Бұл жағдайда халық саны көп елдер бастама жасауы керек. Өзін ғана ойлайтын батыс бұған жарамай отыр»
Қырғыз президенті Садыр Жапаров Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдері арасындағы сауда кедергілерін қысқарту керек деді. Сондай-ақ, ол осы ұйымның даму банкі мен даму қорын құру қажеттігін айтты.
САДЫР ЖАПАРОВ – ҚЫРҒЫЗ ПРЕЗИДЕНТІ «Ашық экономиканы қалыптастырып, көпжақты сауда жүйесін құру мақсатында ШЫҰ-ның бүкіл кеңістігінде сауда кедергілерін қысқарту жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. ШЫҰ даму банкі мен даму қоры сияқты жобаларды қаржыландыру үшін арнайы институт құру қажет».
Астана Саммитінде ұйымға мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысы бойынша 20-дан астам құжат рәсімделді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің Астана декларациясы қабылданды. 2030 жылға дейінгі энергетикалық ынтымақтастық стратегиясы, есірткімен күрес, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл, энергетика, экологиялық туризм, қоршаған ортаны қорғау саласында өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Осылайша Қазақстан ШЫҰ-на төрағалықты аяқтап, 2025 жылы аталмыш ұйымға Қытай төрағалық ететін болды. Шанхай Ынтымақтастық ұйымының мәдени астанасы болып Қытайдың Циндао қаласы жарияланды.Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Астанадағы ШЫҚ Саммитінен 700-ден астам шетелдік және 200-ден астам қазақстандық журналист хабар таратуда.