0:00 / 0:00
БҚО бойынша бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің келтірген мәліметіне сүйенсек, қарашаның бірі мен бесі аралығында коронавирусты жұқтырған науқастардың саны артқан. Бесінші қарашада 118 жағдай тіркелген. Сала мамандары індетті жұқтырған науқастардың 38 пайызы зейнеткерлер екенін айтады. Вирусты медицина қызметкерлері де жұқтырып жатыр. 8 ақ халаттының індетке шалдыққаны анықталыпты. Облыс аумағында коронавирус індетін көптеп жұқтыру фактісі тіркеле бастағандықтан бас мемлекеттік дәрігер 9-шы қарашадан бастап аймақта қосымша карантин шараларын енгізуді ұсынды.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Арыспаев штаб отырысында коронавирусты жұқтырған науқастардың саны артып жатқандықтан, карантин талаптарын күшейтуді ұсынды. Мамандар жаңа қаулыны дайындап қойған. Қаулы ауру көп таралып жатқан Орал қаласына кіріп-шығуға шектеу қоюға арналған.
Санитарлық дәрігердің облыс орталығына блок пост қою ұсынысына байланысты полиция қызметкерлері ойларын ортаға салды. Тәртіп сақшыларының сөзінше, жұмыс күндері базар жұмыс жасағандықтан, ауылдан қалаға тамақ алуға келетін жандардың қалың қарасын тоқтату қиын болады. Полиция қызметкерлері қаланы емес, облысты жабуды ұсынды.
Санитарлық дәрігер ауылдан қалаға келетін жандар әкімдіктерден анықтама алуларына болады,- дейді.
Штаб отырысында сөз алған облыстың бас прокуроры түрлі ұсыныс айтылып жатқанын, бірақ шешімді заңға сүйеніп, қабылдау керек деген пікірін ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі вирустың тез таралып жатқанына байланысты шектеу шараларын енгізу керек дейді. Штаб өкілдері қайтадан бас қосып, ұсыныстарды талқылап, шектеу шараларын 9-шы қарашадан бастап енгізбекші.