0:00 / 0:00
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға артады. Жас кәсіпкерлікті дамытуға республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінеді.Жастарға сапалы білім беруді, жұмысқа тұру, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету тетіктері бар Жастар бағдарламасы әзірленетін болады. Бұл жаңалықтардың бәрі бүгін елордада Президенттің қатысуымен өткен Жастар форумында айтылды. Жастар жылын қортындылап, келесі жылды еріктілер жылы деп жариялаған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды еңбекқорлыққа, білімін ұштауға шақырды. Жалпы үш жылға Жастарды қолдауға қазынадан 300 млрд теңге бөлінген.
Ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін заманауи сарынға салып әндеткен жастардың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі әсерлі болды. Әдеттегідей ұзын-сонар баяндама оқылған жоқ. Жастарға тән атмосферада өтті. Сондай-ақ жастар ісімен айналысып жүрген, өз кәсібін өрбіткен, өнер саласында алға шыққан үздіктер мемлекет басшысы қолынан жоғары марапатқа ие болып жатты. Әсерлі сәттен соң, Президент жастарды қуантатын жәйіттерді баяндады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 130 мың студенттің шәкіртақысы 25 пайызға өсетінін айтты.
Бұл орайда колледж студенттерінің стипендиясы да 25 пайызға артатыны айтылды. Жастарды қолдау осы жылмен тәмам болмайды. Президент келер жылы жастарға сапалы білім беру, жұмысқа тұру, қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді қарастыратын жастар саясаты туралы жаңа бағдарлама әзірлеуді үкіметке жіті тапсырды.
Бизнеске бет бұрған жастар да қолдаусыз қалмайды. Биыл 5 мың адам мемлекеттік грант алып жас кәсіпкер атанды. Алдағы үш жылда олардың санын 30 мыңға жеткізу үшін қазынадан 5 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Сондай-ақ, Тоқаев бүгінде жастар арасында орын алып отырған проблемаларға да тоқталды. Әлеуметтанушылардың мәліметінше, жастардың 20 пайызынан көбі мектеп бітірген соң үйде отыруға мәжбүр. Себебі, жастар арасында жұмыс істегісі келмейтіндер көбейген.
Осылайша, жастар жылын тәмамдадық.
Енді 2020 жыл Волонтер жылы болмақ. "Біргеміз" деп жазылған еріктілер жылының логотипі ұсынылды. Қазір Қазақстанда екі жүзден аса еріктілер ұйымы жұмыс істейді, 50 мыңнан астам адам тартылған.Форумнан соң Тоқаевқа жастар арасынан шығып кету оңай болмады. Президентпен сельфи жасағысы келгендер көп болды. Жастардың қолпаштауынан үлкен әсермен шыққан мемлекет басшысы нөкерлерінің көмегінсіз сыртқы киімін өзі киіп, көтеріңкі көңілмен кете берді.