0:00 / 0:00
Танымал тергеуші Олеся Кексельге қатысты іс тоқтатылды, деп хабарлады сенатор Қайрат Қожамжаров журналистерге берген сұқбатында. Еске салайық, Олеся Кексель биыл мамырда арнайы прокурорлар қызметінің басшысы қызметінен босатылған еді. Ол бұл қызметті 2018 жылдың қаңтарынан бастап атқарған. Мұның алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Тергеу департаменті басшысының орынбасары болды. Осы екі қызметте де Кексель сенатор Қайрат Қожамжаровтың басшылығымен атқарған болатын. Енді аты-шулы істерді жүргізген тергеушінің өзіне шағым түскенді. Сенатордың оған қатысты іс тоқтатылды деген мәліметін, Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті жоққа шығарып отыр.
Олеся Кексель бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты атышулы істерді тергеумен айналысқан. Атап айтсақ, бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтың, экс-денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің және бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін тергеді. Ал осыдан екі ай бұрын танымал тергеушінің үстінен азаптау туралы бас прокуратурадан арыз түскен болатын.
Марат Ахметжанов –ҚР бас прокурордың орынбасары; «Ресми түрде шағым түсті, ол тіркелді. Ені онымен сотқа дейінгі тергеу жүргізу керек. Бұл дегеніміз, ол адам заң бұзды, қылмыс жасады деген сөз емес. Оның кінәсі тек сотпен дәлелденеді. Кексель прокуратурадан өз еркімен жұмыстан кетуге өтініш білдіріп, бас прокурор өтінішті қанағаттандырды. Ол қазір Қазақстанда»
Олеся Кексель қазіргі сенатор, бұрынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы болған Қайрат Қожамжаровтың қоластында қызмет етті. Кейін Қожамжаров Бас прокурор болғанында, Олеся Кексель де жұмысын сол жаққа ауыстырған болатын. Қызметтес болған бұрынғы әріптесі туралы сенатор Қожамжаровтың пікірін білгенімізде, депутат Кексельге қатысты іс тоқтатылды деп хабарлады.
Қайрат Қожамжаров – ҚР парламент сенатының депутаты; "Арыз шамамен екі ай бұрын түсті. Сенбі күні қылмыс құрамы жоқ болуына байланысты іс тоқтатылғаны хабарланды. Мен мұны Кексельдің өзінен білдім. Тергеуші хабарласып, қылмыс құрамы болмағандықтан, іс тоқтатылғанын айтқан. Сіздер білесіздер, бұл Шкарупаның ісімен байланысты".
Сондай-ақ, депутат Қожамжаров Кексельдің ісіне қатысты куәгер ретінде жауапқа шақырылмағанын айтты. Олеся Кексельдің сүттен ақ, судан таза екеніне сенатор сенімді. Тіпті ол Кексель сияқты мықты тергеушілер көбірек болса деп тіледі.
Қайрат Қожамжаров – ҚР парламент сенатының депутаты; "Кезінде бірге жұмыс істеуге мен шақырдым. Өйткені Олеся Ивановна өте білікті кәсіби маман, өз ісіне адал.Сондықтан, мен оны шақырдым, ол да келісті. Осы үшін оған ризамын. Яғни, мен оның қылмыстық-процессуалдық кодекс нормаларын сақтағанын анық білемін. Толығымен сенімдімін. Осындай тергеушілер көп болсын деп тілейік."
Алайда, сенатор Қожамжаровтың Кексельге қатысты іс тоқтатылды деген мәлімдемесін, Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті жоққа шығарып отыр. Депутаттың сұқбатынан соң, іле тараған ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында «Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельдің ісі тоқтатылды деген ақпарат расталмайды. Тергеу шаралары жалғасып жатыр. Оған қатысты іс тоқтатылған жоқ", - делінген.