0:00 / 0:00
Бүгін мектеп түлектері 11 жылдық білімін қорытындылап, соңғы емтихандарын тапсырып, атестаттарын қолдарына алды. Салтанатты шара облыстың әрбір мектебінде ұйымдастырылды. Мектеп түлектерін облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтап, сәт сапар тіледі.
Оқу жылы мектеп түлектеріне аттестаттарын табыстаумен аяқталды. Бұрындары бұл шараны сән-салтанатымен, дүбірлетіп өткізуші еді. Ал биыл пандемия талаптарына сәйкес салтанатты шара барлық санитарлық талапты ескере отырып, таза ауада мектеп бітірушілерге аттестат табыстаумен шектелді. Аймақ басшысы облыс орталығында "Алтын белгі" иегерлері саны жағынан көш бастап тұрған Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияның түлектерімен кездесіп, жастарға сәт сапар тіледі.
Биыл №34 мектеп-гимназиясын 76 оқушы мектеп бітіруде. Оның алтауы "Алтын белгісін" қорғаса, екі оқушы ерекше аттестатпен аяқтады. Қалған жас түлектер де қала, облыс пен еліміздің аумағында ұйымдастырылған олимпиада, жарыс пен сайыстардың жеңімпазы атаныпты.
Жалпы облыста 6000-нан астам оқушы мектеп бітірді. Мектеп түлектерінің 525-сі "Алтын белгі" иегері атанса, 213-сі үздік аттестатқа ие болды.