Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

Сапасыз жол шығыныды еселейді

c 18:24, 17/04 c 3

0:00 / 0:00

Орал қаласының жүргізушілері қала ішіндегі, әсіресе екінші деңгейлі көшелердегі жол сапасының сын көтермейтініне шағымдануда. Айтуларынша, жол бойындағы шұңқырлар көлік жүргізуге кедергі келтіріп қана қоймай, автокөліктің жиі бұзылуына әкеліп соғады. Бұл отбасылық бюджеттің шығынын арттырып, тұрғындарға қосымша қаржылық ауыртпалық түсіріп отыр.Қаладағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 693 шақырым. Соның тек 450 шақырымы ғана асфальт жабындысымен қамтылған. Жүргізушілердің айтуынша, жолдардың қанағаттанарлықсыз күйі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе. Шұрық-тесік жолдар көліктің доңғалағының жарылуына, бампердің сынуына және басқа да техникалық ақауларға себеп болып, тұрғындардың қалтасын қағуда.Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, былтырғы көктемгі су тасқыны салдарынан кейбір жоспарлы жобалар кейінге шегерілген. Соған қарамастан, 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Бор тауы» ауданында жолдарды жаңғырту басталған. Сондай-ақ, Еуразия көшесінде және қала сыртындағы бірқатар жол учаскелерінде жөндеу қолға алынған. Бұл жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жалпы, былтыр жол жөндеу жұмыстарына шамамен 2 млрд теңге бөлінген.Ал биылғы жылы былтыр басталған жобалармен қатар, 20-дан астам көшеде күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 12 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған.Дегенмен қала тұрғындары жыл сайын қайталанатын «жамау» әдісінен шаршаған. Олар бір көшені қайта-қайта жөндей беру салық төлеушілердің қаржысын желге ұшырумен тең деп есептейді. Қалалықтар уақытша емес, ұзақ мерзімге шыдас беретін, сапалы жол жамылғысын талап етуде. «Неге бізде он жыл бойы жөндеусіз тұратын жолдар салынбайды?» деген сауал қоғамда жиі көтерілуде.Батыс Қазақстан облысы бойынша «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бірқатар сапасыз жол жөндеу фактілері анықталған.Орал қаласының тұрғындары сапасыз жолдардан әбден мезі болған. Олар жергілікті билік бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, нақты әрі нәтижелі қадамдарға барады деп үміттенеді. Қауіпсіз әрі жайлы жол инфрақұрылымы – қала тұрғындарының басты талабы.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.