0:00 / 0:00
Білімге жұмсалған қаржы ақталмай жатыр. Сенатор Ақылбек Күрішбаев, биыл бюджет тапшылығына қарамастан, мемлекеттік білім гранттарының құны артты. Бірақ университеттердің бүгінгі ахуалына қарап, білімге салынған ол қаржы толық ақталатынына сенім жоқ деді. Мысалы, өткен жылы мемлекеттік грантта оқыған университет түлектерінің тек 40 – 74 проценті ғана жұмысқа орналасқан. Бұл жайында Парламент Сенатының жалпы отырысында айтылды.
Қазақстанның білім беру жүйесіне қатысты сын көп. Орта білімнен, жоғары білім беруге дейін шешімі табылмай жатқан мәселе шаш етектен. Мектеп оқушылары сапасыз оқулықтан зардап шегіп жатса, жоғарғы оқу орындарындағы білім беру деңгейі де сын көтермейді. Ал мемлекет оқимын деген жасқа грант бөліп, қазына қаржысына оқытуда. Бірақ білімге жұмсалып жатқан қыруар қаражат ақталмай жатыр дейді сенатордар. Биыл пандемияға, бюджет тапшылығына қарамастан, мемлекеттік білім гранттарының құны артты. Алайда өткен жылы мемлекеттік грантта оқыған университет түлектерінің тек 40 – 74 проценті ғана жұмысқа орналасқан.
Сенатордың айтуынша, енді жоғарғы оқу орындары толықтай автономды және оқу орнының тағдырын бір ректор емес, ғылыми кеңес шешетін уақыт келді. Бүгіне әрине жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік берілген. Бірақ олар толыққанды автономдық басқаруға әлі көшкен жоқ. Тек ұйымдастырушылық-құқықтық құрылымда ғана өзгерістер жасалған. Ал университеттердің ғылыми әлеуеті, білім беру бағдарламалары, инфрақұрылымы және басқару жүйесі өзгермеген. Университет ректорлары он жылдап бір оқу орнын басқарып отырып алмай, жиі ауыстырып отыру ұсынылды.
Сенаторлар үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында елдегі ЖОО Назарбаев университетінің үлгісінде автономды басқаруға көшіруге арналған реформаларды тезірек аяқтау қажет деген талап қойды.