0:00 / 0:00
Орал қалалық сотында 1,6 млрд теңге салықтан жалтарған кәсіпкер Аманжол Көнеевке қатысты үкім шықты. Облыстық соттың баспасөз қызметкері Нұргүл Қанатбаеваның таратқан мәліметіне қарағанда, А.Көнеев өзі басқарған «Марасант» және «Бірлік» ЖШС арқылы аса ірі көлемде салықтан жалтару деректері бойынша ҚР ҚК 245-бабы 3-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды. Кәсіпкер бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сондай-ақ ол үш жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметтер атқару құқығынан айырылды. «Рақымшылық туралы» ҚР Заңы 3-бабы, 4-тармағы, 1- тармақшасы негізінде негізгі жаза бестен бір бөлігіне, яғни бір жылға қысқартылды. 2015-2019 жылдары «Марасант» және «Бірлік» ЖШС басшысы бола жүріп, А.Көнеев жұмыстар нақты орындалмаса да, жалған шот-фактураларды пайдалану арқылы декларацияға кірістер мен шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізіп, аса ірі көлемде бюджетке салық аударудан жалтарған. Ал экс кәсіпкердің адвокаты қорғаушысына тағылған айыппен келіспейтінін, одан әрі аппеляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Сот істі қарай келе, облыс орталығындағы Орал-Атырау және Орал-Саратов тас жолдары аралығында 180 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үйді тұрғызу барысында Аманжол Көнеевтің алдау және қызмет бабын пайдалану жолымен бюджет қаржысын аса ірі көлемде жымқыру дерегі дәлелденбеген деп тапты. Қылмыс құрамы болмағандықтан ол бұл эпизод бойынша ақталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.