0:00 / 0:00
"Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы Бәйтерек ауданына қарасты Переметный станциясына тоқтады. Дәрігерлер 2 күн бойы ауыл тұрғындарының денсаулығын тексереді.
Переметный ауылының тұрғындары бұл күнді асыға күтті. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызын ауылдық ағайын құшақ жая қарсы алды. Дүйім жұрт темір жол станциясында ақ халатты дәрігерлерге ақ ұсынып, құрмет көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары аймақ басшысының алғыс хатын табыстап, дәрігерлерге ризашылығын білдірді.
Салтанатты жиыннан соң дәрігерлер бұқараны қабылдай бастады. Тұрғындар кезекке жазылып, ақ халатты жандардың қабылдауына асықты.
Игі жоба 2013 жылы басталды. Жыл сайын медициналық пойыз еліміздің шалғай ауылдарындағы ағайынның саулығын тексеріп, тиісті ем-дом тағайындайды. Білікті дәрігерлерді ауыл тұрғындары тағатсыздана күтеді. Осы пойызда анализ тапсырып, 40 минуттың ішінде қорытындысын алып, дәрігерден ем-шараны қабылдауға болады. Қазіргі таңда «Саламатты Қазақстан» пойызында 28 ақ халатты жұмыстанады. Медициналық пойыздың бас дәрігері ауылдық жерде ультра дыбыстық зерттеуден өтеуге деген сұраныс көп,-дейді. Ал травмотолог дәрігер шағын ота жасай алады. Сонымен қоса, балаларды мектеп пен балабақшаға қабылдауда қажет «Денсаулық төлқұжаты» үшін арнайы медициналық тексерістен өткізу қызметі де жұмыс істейді.
Дәрігердің қабылдауына келген халықтың қарасы қалың. Олар білікті дәрігерлерден кеңес алғандарына дән риза.
Биыл «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызында азаматтарға құқықтық көмек көрсету де қолға алыныпты. Пойызда заңгер мен медиатор да жұмыс істейді. Олар БҚО аумағындағы станцияларда 400-ге жуық тұрғынға құқықтық тұрғыда жәрдемдескен.
«Саламатты Қазақстан» пойызы 13 шілдеге дейін батысқазақстандық тұрғындарды қабылдайды. Кейін медициналық отарба Қостанай облысына жол жүрмек.