0:00 / 0:00
Президент сайлауы кәсіпкерлер үшін оңды шешім. Себебі елде тұрақтылық болса инвестициялық климат та тұрақты болады. Бұл батысқазақстандық кәсіпкерлердің пікірі. Бүгін облыстық мәслихатта басқосқан Нұротандықтар сайлау алды науқанға дайындық жұмыстары көп ұзамай басталатынын жеткізді. Президент шешіміне байланысты өңірлердегі кәсіпкерлер де қолдау білдіріп, өз пікірлерімен бөлісті. Солардың бірі кәсіпкер Ляна Тұрсынова бұл шешім уақтылы қабылданғанын айтты: - «Мен өз басым жылдам шешім қабылдағанды жақсы көремін. Неге десеңіз, басшылық істе кез келген шаруада нақтылық қажет. Бизнесті қолдауға бағытталған шешімдер жалғасын тауып, елімізде, тіпті отбасында тұрақтылыққа демеу болатынына сенімдімін. Бизнес өз кезегінде сайлауға белсенді атсалысуы керек», деп ойлаймын,- деді ол. Елімізде орын алатын саяси науқан туралы «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен «Нұр Отан» партиясы елдің жетекші саяси күші ретінде ұсынысты толық қолдайтындарын жеткізді. Президент сайлауына қажетті жұмыстардың облыста уақытында басталатынын да тілге тиек етті. Жиында өзге де кәсіпкерлер кезектен тыс сайлаудың әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында елдің саяси тұрақтылығы мен одан әрі дамуына мүмкіндік беретін Қазақстан болашағы үшін сенімді қадам екендігін жеткізді. Барша қазақстандықтардың алға қойған маңызды міндеттерді жүзеге асыруға жұмылуына септігін тигізетін маңызды қадам болатынына сенім білдірді.