0:00 / 0:00
Оралда мемлекеттік тапсырыс негізінде «Сәби» деп аталатын жаңа балабақша қызметіне кірісті. 6-шы шағынауданада жұмысын бастаған мектепке дейінгі білім беру ұйымы 250 бүлдіршінді қабылдауға дайын. Бөбекжайдың жұмысымен Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков танысты. "Сәби» балабақшалар желісі бес жылдан бері мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасап келеді. Әр бөбекжай өзіндік ерекшеліктерге ие. Барлығы да арнайы мамандандырылған бағдарламамен жұмыстанады. Балабақшаның ашылуымен нысанда 40 жаңа бос жұмыс орны ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі таңда қала бойынша мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың жүйесі жақсы дамып келеді. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау аз емес. Қала әкімінің сөзінше, балабақшалар үшін жан басына қаржыландыру мөлшері жыл санап ұлғаюда. Мәселен, былтыр мемлекеттік тапсырыс алып отырған балабақшалар үшін әр балаға 19 354 теңгеден төленсе, биыл 27 502 теңгеге көтерілген. Қазір Орал қаласында 50 мемлекеттік, 58 жеке балабақша жұмыс жасайды. Бес жасқа дейінгі кезекте тұрған балғындардың саны - 16 234. 3-5 жас аралығындағы балғындардың мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылу көрсеткіші - 99 пайыз. Қаланың солтүстік-шығыс шағынауданында және Зашаған кентінде жаңа үйлердің көбірек салынып, халық санының өсуіне байланысты балабақшаның тапшылығы байқалуда. Дегенмен, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес болашақта салынатын көпқабатты үйлердің бірінші қабаттары бос кеңістік ретінде жобаланып, әлеуметтік мекемелер үшін, атап айтқанда, учаскелік немесе амбулаторлық пункттер, балабақша, шағын орталықтар ашылатын болады.