Орал қалалық кітапханалар жүйесінде "Отбасы хрестоматиясы" қоғамдық қорының сарапшысы, психолог Сейілбек Мырзабаймен кездесу ұйымдастырылды. Аталмыш кешке мектеп психологтары мен кітапханашылар қатысты.
Орал қалалық кітапханалар жүйесінде психолог Сейілбек Мырзабаймен кездесу өтті. "Отбасы хрестоматиясы" қоғамдық қорының сарапшысымен жүздескен мамандар өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру сынды түйіткілді мәселелер бойынша пікір алмасты.
Заман көшімен бірге қас-қағым сәтке де ақпараттар ағыны толастамай, дамып-жетілу үдерісі үдеген кезде рухани құндылықтар кенже қалып жатқаны жасырын емес. Әсіресе, не оқуға, не дамуға зауқы жоқ балаларды оқыту қиын- дейді, белгілі психолог Сейілбек Мырзабай.
Оралға арнайы табан тіреп, бүгінгі таңда өзекті проблемаға айналған тақырыптарды талқылаған психологтің жақында "Балалықтан даналыққа" атты кітабы жарық көрмек. Баспадан шыққан жаңа туынды осы аптаның соңына дейін облысқа жетеді деп күтілуде. Рухани азық іздеген оқырмандар "Отбасы хрестоматиясы" сериясымен жарық көрген кітаптарды Орал қалалық кітапханалар жүйесінен алып, оқи алады.