0:00 / 0:00
Үкіметтің алдында 2030 жылға дейін елдегі жылу желілерінің тозуын 43 пайызға дейін төмендету мақсаты тұр. Оған қол жеткізу үшін жыл сайын шамамен 350 шақырым жылу желілерін жөндеу керек. Бұған жыл сайын 250 млрд теңге қаражат бөлу керек. Бүгінгі күні республика бойынша жылу желілерінің 50 пайыздан астамы әбден тозған.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлытау, Маңғыстау облыстарында жылыту маусымына дайындық жоғын айтып, сынады. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8 қаңтардан бері әлі күнге дейін басталмаған. Ұлытау облысы да Жезқазған жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріспеген. Премьер-министр жылумен қамту мәселесіне қатысты әкімдерге ескерту айтты.
Ал энергия көзін үнемдей отырған жергілікті жерлердегі әкімдерге "Энергияны үнемдеу туралы" заң бар екенін еске салды. Қазір құзырлы органдар мен әкімдердің алдында апатты жағдайда тұрған 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтау міндеті тұр. Энергетика министріне әрбір нысан бойынша премьер-министрге апта сайын баяндап отыру міндеттелді. Бұл орайда Бектенов қыс бойы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған Кентау мен Степногорскідегі және МАЭК пен "Топар" ГРЭС-індегі жағдайға жеткізбеуді талап етті. Сондықтан жаз айларында арқаны кеңге салмай, күшейтілген режимде жұмыс істеуге тура келеді. Егер ЖЭО жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмаса, меншік иелері мен әкімдіктерге шара қолданатын болады. Сондай-ақ, үкімет отырысында премьер Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтен 16 млрд теңге бөлінгенін айтты. Ал Көкшетаудағы жылу қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінді. Қаржы бірінші кезекте әбден тозығы жеткен объектілер мен желілерді жөндеуге жұмсалуы тиіс, - деді үкімет басы.