Оралда бірнеше жер үйді тонады деген күдікпен бір азамат қолға түсті. Ол қараша айынан бастап "Ескі әуежай" ауданында қарақшылықпен айналысып келген. 1995 жылғы П. есімді азамат сағат 17.00 мен 23.00 аралығында тұрғын үйлерге ұрлыққа түсіп отырыпты. Барлық үйдің пластик терезелерін итеріп ашып, үй ішінен бағалы құндыз тондар, компьютер, ноутбуктер сынды қымбат мүліктерді ұрлаған. Үй иелерінің біріне келтірілген ең үлкен материалдық шығын 1 миллион 500 мың теңгеге бағаланып отыр. Полиция қызметкерлері бұрын бірнеше рет сотталған күдіктіні жуықта өз үйінен құрықтады. Қолының сұғанағы бар азамат қылмысын толықтай мойындады. Тәркіленген жеке мүліктер иелеріне қайтарылуда.