0:00 / 0:00
Жемқорлар мен парақорлар жайында ақпарат бергендерге ақшалай сыйақы ұсынылуда. Бұл жағдайда ел азаматтары белсенділік танытып отырған көрінеді. Ендігі жемқорлық фактілерін әшкерлеген қазақстандықтарға 1,5 млн теңге берілді. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте мәлім болды. 2019 жылы Call-орталыққа түскен шағымдар аясында сотта қаралған қылмыстық істер бойынша 9 азаматқа 126 250 теңгеден 176 750 теңгеге дейін, жалпы 1,5 млн теңгеге жуық сыйақы берілді. Жемқорлық фактісі бойынша Ішкі істер органдары мен білім беру саласы алда тұр. Ал азаматтардан түсіп жатқан шағымдардың басым бөлігі Түркістан және Алматы облыстары мен Алматы қаласына тиесілі.
Жемқорлықпен күресудің әртүрлі жолын тауып, шетелдік тәжірибені қосып әрекет етіп жатқан құзырлы органға қазақстандықтар белсене көмектесіп жатыр. Бүгінде ол үшін арнайы Call-орталық жұмыс істейді. Қандай бір жемқорлықтың иісін сезген азамат бірден осы орталыққа хабарласып, ақпарат береді. Ол тегін емес. Егер берген мәліметіңіз сотпен дәлелденіп жатса қалтаңызға тиін- тебен түседі. Өткен жылдың өзінде жемқорлықты әшкерлеген 9 азамат олжалы болды.
2019 жылы телефон арқылы келіп түскен 4,5 мың шағымның 1 мыңы тіркелген. Расталған фактілер бойынша 66 қылмыстық іс тергелуде, 18 іс сотқа жіберілді. Азаматтардан түсіп жатқан шағымдардың басым бөлігі Түркістан облысына тиесілі болып отыр. Бұл өңірден өткен жылы 148 шағым түскен. Одан кейін Алматы облысы мен Алматы қаласы тұр. Батыс Қазақстан өңірі де пара алғыштар қатарынан қалыс қалып жатқан жоқ.
Қазақстандықтардың мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасына да көңілі толмай жатады. Лауазымын асыра пайдалану фактілері бойынша шағым көп. Әсіресе ішкі істер органдары мен білім беру саласы алда тұр.